Результаты Девятого поэтического конкурса

25/06/2019
Просмотров: 2281

Девятый поэтический​ конкурс на государственном языке​ Благотворительного Фонда «Саби» завершен.
Свою рецензию на работы финалистов, окончательные результаты конкурса, а также имя обладателя главного приза - ноутбука ​оглашает​ эксперт в области литературы, поэт, писатель, переводчик, журналист и Член Союза Писателей Казахстана​ Байбота КОШЫМ-НОГАЙ

Жыл сайын «Сәби» Қоры ұйымдастыратын мемлекеттік тілдегі жас ақындар мүшайрасына түскен қолжазбаларға сараптама пікір

«Сәби» қайырымдылық қорының «Әлем» жас дарындарын қолдау  бағдарламасы аясында мемлекеттік тілде тоғызыншы рет өткізіліп отырған ақындар сайысы мәреге жетті.

Жас шамаларында аса көп айырмашылық жоқ жасөспірім ақындардың конкурсқа ұсынған өлеңдерін оқи отырып, бұдан бұрын өткізілген бәйгелерден аса көп айырмашылықты көріп отырған жоқпыз. Өйткені бұл ұл-қыздардың бәрі дерлік қолына қалам ұстағанына көп бола қоймаған, киелі өнерді үйрену үстінде бірде табысқа жетіп, бірде омақаса сүрініп дегендей іздену барысындағы әрекетпен жүрген жас талапкерлер екенін жасыра алмаймыз. Әуелі конкурсқа қатысып отырған талапкерлер бұрын ақын ретінде бізге беймәлім, мерзімді басылым беттерінен де көзге көп түсе бермеген жаңа есімдер екенін ашып айтуымыз керек.

Жаңа есімдер... Әлбетте, жаңа есімдердің бәрі бірдей әдебиетке жаңалық болып қосыла бермейді. Бірақ сәт сайын өмірді танып, бойындағы құштарлық пен құлшынысын оятып, өлең өлкесінен өзіне лайықты орын іздеген жасөспірімдердің бәрінен бірдей күдер үзіп, жүрегіміздің түкпірінде жылт еткен үміт отын өшіре алмаймыз. Өйткені бұлардың арасынан күні ертең-ақ көшін қыз жиған жүктей түзеп, әдебиет әлеміне өзіндік қолтаңбасымен келіп қосылатын табиғи дарындардың табылатынына күмән жоқ. Әрине, табиғи дарын тірнектеп жиған біліммен байытылып, тынымсыз ізденіс үстіндегі жанкешті еңбекпен жетіледі. Ақын боламын деген асыл арманы бар жас талапкерлер мұны жадында мықтап ұстауы керек.

Біз бұл жолы бұрынғы конкурстарға қарағанда біршама аз автордың, атап айтар болсақ, Дина Құрымбаева, Мұхтар Мырзағалиев, Алуа Орынбасар, Мәдина Өткел, Нұрсұлтан Қожағұл, Назерке Мұратқали, Жұлдыз Жанболат, Іңкәр Алтынбекқызы, Адалжан Назибекова, Жұпар Сәруар, Демеу Дәусен, Ерден Нұрахмет, Ақмаңдай Иманғазықызы, Ұлпан Тәжібай, Нұрсұлтан Балауса Еркінқызы, Жиенбаева Гүлнұрдың тәрізді талапкерлердің жырларын оқып таныстық. Олардың бірі мектептің не гимназияның оқушысы, бірі колледж не университеттің студенті, енді бірі колледжді аяқтап, отбасылық амбулаторияда жұмыс істеп жатқан жас маман... Тәжірибесінің аздығына-көптігіне қарамастан, бәрінің де өлеңге таласы бар екені шындық. Бәріне ортақ кемшілік – шеберліктің шыңдалып жетпегендігі. Бұған, әрине, «көш жүре түзеледі» деп қамқорлықпен қарадық. Бірақ шынайы поэзияға тән ойлылық пен образдылықты айтпағанда, өлеңге қажет қарапайым техникалық қателерге көз жұма қарап, буын-бунақтың жүйелілігін сақтамай, ұйқасқа салғырттық жасауды кешіре берсек, ақындарымыздың болашағына балта шапқандай боларымыз анық.

Біз бұл қысқаша пікірімізде ол ақындардың барлық өлеңін талдай алмаймыз. Сондықтан конкурс шартына сай қорытынды пікірімізді ғана ұсынғалы отырмыз.

Конкурсқа түскен өлеңдерді бір-бірімен салыстыра оқыған кезде Назерке Мұратқалидың ақын Әбділда Тәжібаевқа арнаған «Асыл ғұмыр», Мағжан Жұмабаев туралы «Жасын тағдыр» және «Шыңғыстау» сынды өлеңдерін жақсы өлеңдер деп тануға болады. Яғни, 1-жүлдеге Назеркенің осы өлеңдері лайық деп есептеймін.

Ол Әбділда Тәжібаевқа арнаған «Асыл ғұмыр» өлеңінде:

«Дүр ақыным!

Құнды боп тылсым жырың,

Өлеңіңмен жүректе жүрсің бүгін.

Поэзия шыңына бет бұрғандар

Құдіретті сезімнің білсін құнын», –

деп қасиетті өнердің құнын танитынын көркем сөз кестесімен аңғартады. Поэзияға тән шарттарды тәп-тәуір меңгере бастаған жас ақын бас-аяғы жұп-жұмыр, ұйқастары келісті шумақтарды мөлдіретіп тізе алады.

«Қаным тулап кетеді денемдегі,

Бабам ойын оқысам тереңдегі.

Суық сөзден көңілім мұздағанда,

Жылытады жанымды өлеңдері», –

деп ақындық өнерді бағалай білетінін көрсетеді.

Мағжан Жұмабаев туралы «Жасын тағдыр» атты өлеңінде ұлы ақынның қасіретті тағдырына алаңдай отырып, «қазағым деп қабырғасын сөккен» Алаш ұлының өнегесін, бүгінгі еліміздің тәуелсіздігі жолында мерт болған тұлғалардың қадір-қасиетін тануға, олардың өнегесін үлгі тұтуға әрекет жасайды.

Ал «Шыңғыстау» атты өлеңінде ол өзінің туған жерге деген балаң махаббатын паш етіп, перзенттік борышын сезінеді:

«Төбемнен нұр ойнатқан тұғырлы аспан,

Қадамым құтты болсын бүгін басқан.

Шыңғыстау, мен де сенің перзентіңмін,

Таусылмас саған деген жырым – дастан!»

Ол осылайша ақын жүрегімен толғанады. Конкурсқа түскен жырлардың ең үздігі осы өлеңдер екеніне шүбәміз жоқ.

Жалпы конкурсқа қатысқан жас ақындардың өлеңдерінің дені арнауға құрылған. Тақырып тапшылығы көрініп тұр. Өлеңдердің көпшілігі дерлік әлдебір тұлғалардың (ақын-жазушылардың, ғалым-қайраткерлердің, т.б.) мерейтойына арнап жазылған сықылды көрінеді. Олардың бәрі де тынысын кеңірек ашып, лирикалық кейіпкерлерінің жан дүниесіне көбірек үңілгенін қалар едім.

Конкурс жүлдегерлерін жетістіктерімен құттықтап, жыл сайын «Сәби» Қоры ұйымдастыратын мемлекеттік тілдегі ақындар мүшайрасына қатысқан барлық жас ақындарға алғысымызды айтамыз. Жас талапкерлеріміз поэзия биігіне ту тігуге талпына берсін!

 

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ,

Мүшайраның бас сарапшысы, балалар ақыны,  аудармашы, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының және Әл-Фараби атындағы халықаралық әдеби сыйлықтардың лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.