Сегізінші ақындар сайысының қорытындысы

29/06/2018
Көрулер: 1624

"Сәби" қайырымдылық қорының «Әлем» жас дарындарын қолдау  бағдарламасы аясында мемлекеттік тілде сегізінші рет өткізіліп отырған ақындар сайысы сәтті аяқталды.

Әдебиет саласындағы ақын, ақын, жазушы, аудармашы, журналист және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Байбота КОШЫМ-НОҒАЙ финалистердің жұмыстарын талқылап, өз пікірімен бөлісіп, сондай-ақ мүшайраның қорытынды нәтижелерін баршаға жариялауда.

 

Жыл сайын «Сәби» Қоры ұйымдастыратын 

мемлекеттік тілдегі ақындар мүшайрасына түскен

қолжазбаларға пікір

Конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен жас шамалары қарайлас көптеген жасөспірім қатысып отыр екен. Іріктеуден өткен талапкердің 100-ден аса өлеңін оқып шығып, ұлы Абайдың «Өлеңге əркімнің-ақ бар таласы» деген əйгілі сөзіне тағы да бір құлақ асып отырмын. Өлеңге таласы бар əрбір жастың əдебиет есігін ашып, поэзия əлемінде лайықты орны бар ақын болып шығуы неғайбыл. Сөз өнері – ақындық та өнердің басқа салалары тəрізді ең əуелі дарынды тектен берілетін Тəңірінің тартуы екенін бəріміз де сезінуіміз керек. Сол секілді қолына қалам ұстаған жанның бəрі өлең жазуға талап қылғанмен, кез келген адам ақындықтың азапты жолында өлеңнің ауыр жүгін арқалап өтуге тəуекел жасай алмайды. Ұлы ақынның əлгі өлеңге таласы барлардың да таңдаулысы болатынын ескертіп отырғаны сондықтан. «Сөз патшасына» сəлем беріп отырған өрімдей жасөспірімдердің алдынан шығып келгеніміз жоқ, ертеңгі күні қайсысының бағы жанады, қайсысы ақын атанады, қайсысы өнердің қай саласына ден қояды – кесіп айта алмаймыз, ешқайсысының да тауын жыққым келмейді. Дегенмен, бəйгенің өз шарты бар. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады. Сондықтан жас талапкерлердің бəріне бірдей жоғары талап қоя отырып, барынша əділ бағалауға тырысамыз.  

Біз төрелік етіп отырған конкурс жүлдесінен үміткер жастардың көпшілігі қолына қалам ұстағанына көп болмаған албырт жаста екені айқын. Олардың арасында əйтеуір бақ сынау үшін бəйгеге ат қосып отырғандары да бар сыңайлы. Мұндай талапкерлердің өлеңнің ең қарапайым алғышарттарын да білмейтіні көзге ұрып тұр. Өлең ырғақтарын бұзып алып, ұйқас жасай алмай отырған талапкерлердің əлі де үлкен сынға түсуге дайын емес екенін ескерту керек.

Барлық қолжазбаны саралай келе Темірлан Кəмілжанов, Ақтілек Əлібекұлы, Аякөз Рахат, Ғабдықұл Арман, Назерке Ағажанова, Дəурен Тлеуханұлы секілді талапкерлердің бойынан ақындық қасиет көріп отырғанымды ашық айтқым келеді. Осы ізденістерін ары қарай жалғастырып, «əдебиетті ардың ісі» деп ұғынып, «ақырын жүріп, анық басса» қолға алған істері зая кете қоймас деп үміттенемін.

Əрине, мен өзгелерден оқшаулап атап отырған бұл ұл-қыздарды ақын болып қалыптасқан деген асығыс тұжырым жасаудан аулақпын. Бірақ:

Ақша бұлт қалғып қыр самайында,
Көз салам үнсіз шырша-қайыңға.
Қабарған қыстың қаңтары да өтті...
Жалғыздығыма мұң шағайын ба?!. –

деп қазақ поэзиясының соңғы жетістіктерін игере отырып өз жырын бастаған он жеті жасар жасөспірімнің (Темірлан) алғашқы аяқ алысына қарап кәдімгідей таңданғанымды да жасырмаймын.

Жауыздыққа шырмалғандай осы күн,
Өлеңімнің таңы – уайым, кеші – мұң.
Сен қайдасың, мен қайдамын, ел қайда?!
Сені ұмыттық, кешір бізді, Кешірім! –

деп қалам тербеген Ақтілектің ойлылығы да қуантты мені. Ақтілекті қазіргі өтпелі кезеңдегі ауыл тағдыры, перзенттік борыш та мазалайтын тәрізді.

Бұл екеуіне қарағанда бірер жас үлкендігі бар Назеркенің:

Мен сенің ең əдемі түсің болайын,
Құсың болайын, жарығым.
Мен сенің сарқылмас күшің болайын,
Мүсін болайын...
Танығын! –

деген шумақтарынан өзінің де, өлеңінің де есейіп қалғанын аңғардым. Өлеңнің құрылысы мен ішкі ұйқастарының үйлесімі, сырлы саздылық Назеркенің ақындық ауылына қарай шындап бет бұрғанын байқатады.

Теңіздің дəмін тамшыдан тануға болатындықтан мен бұл өлеңдерді толық келтіруді қажет санап отырған жоқпын. Жас ақындардың аяқ алыстары да алысқа шабатын шын жүйріктің шабысын аңғартады.

Сондай-ақ жас талапкерлердің бұл тілге тиек етіп отырған туындыларында тұтастық бар. Шеберлікке ден қойған жасөспірімдердің жырларында шашау шығып тұрған шумақ, бұзылған ырғақ, көпсөзділік жоқ.

Аякөздің, Ғабдықұлдың, Дəуреннің өлеңдерінен де осындай игіліктердің ұшқынын аңғарамыз. Тек олардың талай жырланған таптаурын тақырыптарды көп шиырламай, өлеңге өз жаңалығымен келуге тырысқандары жөн.

Негізі бұдан сәл бұрын қазақ ақындары қаймағы бұзылмаған қазақы ортадан – ауылдан шығатын еді. Менің бір байқағаным: бұл жолы сайысқа қаланың балалары да ат салысыпты. Олардың да қазақы отбасынан шыққанын сезіп қуанып отырмын.

Қолжазбаларды сараптай келе Темірлан Кəмілжановтың (Семей қаласы) «Ақша бұлт қалғып қыр самайында...», «Күшік», «Ақша бұлт жүзген аспан жақ» атты өлеңдері Бірінші жүлдеге лайық деп шештім («Сәби» Қорынан Бас жүлде: 4 жылға оқу гранты және ноутбук).

Ал Ақтілек Əлібекұлының (Атырау облысы, Индер ауданы) «Кешірім», «Ауылым...» атты өлеңдері Екінші жүлдені иеленуге тиіс («Сәби» Қорынан жүлде: ноутбук).

Назерке Ағажанованың (Семей қаласы) «Түйін», «Парадокс», «Мен сенің...» атты өлеңдері Үшінші жүлдені («Сәби» Қорынан жүлде: ноутбук) еншілегені дұрыс деген ойға тоқтадым. Жыл сайын «Сәби» Қоры ұйымдастыратын мемлекеттік тілдегі ақындар мүшайрасына қатысып отырған жас талапкерлерге ақ жол тілеймін. Шабыттары шалқи берсін!

 

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ,

Мүшайраның бас сарапшысы, балалар ақыны,

аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.