Мемлекеттік тілдегі ақындық конкурс
Жұмыстарды қабылдау
Жеңімпаздарын жариялау
Байқау соңына дейiн:
2011
Семей қ. он алты жасар ақыны Солтанов Бекнур ақындық сайыс жеңімпазы атанды. Ол жап-жаңа ноутбукке ие болып, оған оқу мен шығармашылық жолында бар күшін салып жұмыс істеу және жаңа биіктерді бағындыру үшін тамаша жәрдем болды.
2012
Шығармашылық сайыстың нәтижелері бойынша жеңімпаз анықталды, ол біздің сарапшының айтуынша «әдебиет саласында биіктікке жету үшін тамаша әлеуеті және жоғары келешегі бар», Атырау облысыдағы 17-жасар Ақжарқын Мутиева болды. Ол сайыстың бас жүлдесі – ноутбук пен Әл-Фараби ат. Қазақ Ұлттық Университетіндегі білім грантына ие болды.
Екінші орынды Алматы облысынан 17 жасар Камшат Мухамеджан жеңіп алды. Үшінші орын біздің жерлесіміз 18 жасар Қарлығаш Темірғалиға бұйырды. 2 және 3 орынға ие болғандарға сондай-ақ қазақстанның жоғары оқу орындарына білім гранттары берілді. .
Қазіргі уақытта 2012 жылғы жеңімпаздар оқу орындарын аяқтап, мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүр. Оқуға жұмсалған қаражаттар сомасы 5 642 000 теңгені құрады.
2013
Қызылорда облысынан 13 жасар Орынай Байтуғанова шығармашылық жарыстың жеңімпазы атанды. Дарынды өлеңдермен қоса, Орынай тамаша әңгімелерді де жазады. Жас ақын үшін жаңа ноутбук сыйға тартылды.
Екінші орынға Атырау облысынан 17 жасар Данагүл Берекет ие болды. Батыс-Қазақстан облысынан 17 жасар Жандарбек Жұмағұлов үшінші орын алды. Екінші және үшінші орын иегерлері «Сәби» Қорынан білім гранттарына ие болды.
2017 жылы Данагүл мен Жандарбек Әл-Фараби ат. Қазақ Ұлттық Университетін бітірді және тілші саласында маман болды. Екі студент үшін оқу құны 5 млн.теңгені құрады.
2014
Төртінші сайыстың нәтижелері бойынша қатысушылардың арасындағы ең лайықтысы деп Батыс Қазақстан облысынан Гилымханов Марлен танылды. Ол бас жүлдені – ноутбукті ұтып алды. Бірақ қатысушылардың айтуынша ең басты сыйлық – ол «Әлем» Бағдарламасының білім гранттары үшін күресу мүмкіндігі болған екен. Және осындай мүмкіншілікті біздің Қор жеңімпазбен қатар екінші және үшінші орын алған лауреаттарға – Арқалық қаласынан Мырзатаев Қымбат пен Атырау облысынан Орынбасаров Рахымжанға берілді.
Мәрлен мен Рахымжан осы бірегей мүмкіншілікті пайдаланып еліміздің ең үздік жоғары оқу орындарында білім алды. Білім гранттарының соммасы 2 743 000 теңгені құрады.
2015
2015 жылғы ақындық сайыста Қызылорда облысы Қазалы ауданы Бекарыстан ауылынан № 24 орта мектеп оқушысы Жаулыбай Нұрбек 1-орынға ие болды. Ол бас жүлде – ноутбукті ұтып алды.
2016
Алтыншы мемлекеттік тілде өткен ақындық сайыстың нәтижесі бойынша, әдебиет саласындағы сарапшы бір ғана қатысушының Қызылорда облысы Қазалы ауданы Қожабақы ауылынан № 25 мектебінің 10-сынып түлегі Дина Бөкебайдың шығармаларына жоғарғы баға берді, ол біздің Қорымыздан ноутбукке ие болды.
2017
Тапсырыстар саны жеткіліксіз болғандықтан жеңімпаз белгілі болған жоқ.
2018
"Сәби" қайырымдылық қорының «Әлем» жас дарындарын қолдау бағдарламасы аясында мемлекеттік тілде сегізінші рет өткізіліп отырған ақындар сайысы сәтті аяқталды.
Әдебиет саласындағы ақын, ақын, жазушы, аудармашы, журналист және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Байбота КОШЫМ-НОҒАЙ финалистердің жұмыстарын талқылап, өз пікірімен бөлісіп, сондай-ақ мүшайраның қорытынды нәтижелерін баршаға жариялауда.
Жыл сайын «Сәби» Қоры ұйымдастыратын
мемлекеттік тілдегі ақындар мүшайрасына түскен
қолжазбаларға пікір
Конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен жас шамалары қарайлас көптеген жасөспірім қатысып отыр екен. Іріктеуден өткен талапкердің 100-ден аса өлеңін оқып шығып, ұлы Абайдың «Өлеңге əркімнің-ақ бар таласы» деген əйгілі сөзіне тағы да бір құлақ асып отырмын. Өлеңге таласы бар əрбір жастың əдебиет есігін ашып, поэзия əлемінде лайықты орны бар ақын болып шығуы неғайбыл. Сөз өнері – ақындық та өнердің басқа салалары тəрізді ең əуелі дарынды тектен берілетін Тəңірінің тартуы екенін бəріміз де сезінуіміз керек. Сол секілді қолына қалам ұстаған жанның бəрі өлең жазуға талап қылғанмен, кез келген адам ақындықтың азапты жолында өлеңнің ауыр жүгін арқалап өтуге тəуекел жасай алмайды. Ұлы ақынның əлгі өлеңге таласы барлардың да таңдаулысы болатынын ескертіп отырғаны сондықтан. «Сөз патшасына» сəлем беріп отырған өрімдей жасөспірімдердің алдынан шығып келгеніміз жоқ, ертеңгі күні қайсысының бағы жанады, қайсысы ақын атанады, қайсысы өнердің қай саласына ден қояды – кесіп айта алмаймыз, ешқайсысының да тауын жыққым келмейді. Дегенмен, бəйгенің өз шарты бар. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады. Сондықтан жас талапкерлердің бəріне бірдей жоғары талап қоя отырып, барынша əділ бағалауға тырысамыз.
Біз төрелік етіп отырған конкурс жүлдесінен үміткер жастардың көпшілігі қолына қалам ұстағанына көп болмаған албырт жаста екені айқын. Олардың арасында əйтеуір бақ сынау үшін бəйгеге ат қосып отырғандары да бар сыңайлы. Мұндай талапкерлердің өлеңнің ең қарапайым алғышарттарын да білмейтіні көзге ұрып тұр. Өлең ырғақтарын бұзып алып, ұйқас жасай алмай отырған талапкерлердің əлі де үлкен сынға түсуге дайын емес екенін ескерту керек.
Барлық қолжазбаны саралай келе Темірлан Кəмілжанов, Ақтілек Əлібекұлы, Аякөз Рахат, Ғабдықұл Арман, Назерке Ағажанова, Дəурен Тлеуханұлы секілді талапкерлердің бойынан ақындық қасиет көріп отырғанымды ашық айтқым келеді. Осы ізденістерін ары қарай жалғастырып, «əдебиетті ардың ісі» деп ұғынып, «ақырын жүріп, анық басса» қолға алған істері зая кете қоймас деп үміттенемін.
Əрине, мен өзгелерден оқшаулап атап отырған бұл ұл-қыздарды ақын болып қалыптасқан деген асығыс тұжырым жасаудан аулақпын. Бірақ:
Ақша бұлт қалғып қыр самайында,
Көз салам үнсіз шырша-қайыңға.
Қабарған қыстың қаңтары да өтті...
Жалғыздығыма мұң шағайын ба?!. –
деп қазақ поэзиясының соңғы жетістіктерін игере отырып өз жырын бастаған он жеті жасар жасөспірімнің (Темірлан) алғашқы аяқ алысына қарап кәдімгідей таңданғанымды да жасырмаймын.
Жауыздыққа шырмалғандай осы күн,
Өлеңімнің таңы – уайым, кеші – мұң.
Сен қайдасың, мен қайдамын, ел қайда?!
Сені ұмыттық, кешір бізді, Кешірім! –
деп қалам тербеген Ақтілектің ойлылығы да қуантты мені. Ақтілекті қазіргі өтпелі кезеңдегі ауыл тағдыры, перзенттік борыш та мазалайтын тәрізді.
Бұл екеуіне қарағанда бірер жас үлкендігі бар Назеркенің:
Мен сенің ең əдемі түсің болайын,
Құсың болайын, жарығым.
Мен сенің сарқылмас күшің болайын,
Мүсін болайын...
Танығын! –
деген шумақтарынан өзінің де, өлеңінің де есейіп қалғанын аңғардым. Өлеңнің құрылысы мен ішкі ұйқастарының үйлесімі, сырлы саздылық Назеркенің ақындық ауылына қарай шындап бет бұрғанын байқатады.
Теңіздің дəмін тамшыдан тануға болатындықтан мен бұл өлеңдерді толық келтіруді қажет санап отырған жоқпын. Жас ақындардың аяқ алыстары да алысқа шабатын шын жүйріктің шабысын аңғартады.
Сондай-ақ жас талапкерлердің бұл тілге тиек етіп отырған туындыларында тұтастық бар. Шеберлікке ден қойған жасөспірімдердің жырларында шашау шығып тұрған шумақ, бұзылған ырғақ, көпсөзділік жоқ.
Аякөздің, Ғабдықұлдың, Дəуреннің өлеңдерінен де осындай игіліктердің ұшқынын аңғарамыз. Тек олардың талай жырланған таптаурын тақырыптарды көп шиырламай, өлеңге өз жаңалығымен келуге тырысқандары жөн.
Негізі бұдан сәл бұрын қазақ ақындары қаймағы бұзылмаған қазақы ортадан – ауылдан шығатын еді. Менің бір байқағаным: бұл жолы сайысқа қаланың балалары да ат салысыпты. Олардың да қазақы отбасынан шыққанын сезіп қуанып отырмын.
Қолжазбаларды сараптай келе Темірлан Кəмілжановтың (Семей қаласы) «Ақша бұлт қалғып қыр самайында...», «Күшік», «Ақша бұлт жүзген аспан жақ» атты өлеңдері Бірінші жүлдеге лайық деп шештім («Сәби» Қорынан Бас жүлде: 4 жылға оқу гранты және ноутбук).
Ал Ақтілек Əлібекұлының (Атырау облысы, Индер ауданы) «Кешірім», «Ауылым...» атты өлеңдері Екінші жүлдені иеленуге тиіс («Сәби» Қорынан жүлде: ноутбук).
Назерке Ағажанованың (Семей қаласы) «Түйін», «Парадокс», «Мен сенің...» атты өлеңдері Үшінші жүлдені («Сәби» Қорынан жүлде: ноутбук) еншілегені дұрыс деген ойға тоқтадым. Жыл сайын «Сәби» Қоры ұйымдастыратын мемлекеттік тілдегі ақындар мүшайрасына қатысып отырған жас талапкерлерге ақ жол тілеймін. Шабыттары шалқи берсін!
Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ,
Мүшайраның бас сарапшысы, балалар ақыны,
аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
2019
Тоғызыншы рет мемлекеттік тілде өткізіліп отырған ақындар сайысының қорытындысымен "Сәби" қайырымдылық қоры аса қуанышпен бөлісуде.
Біздің әдебиет саласындағы ақын, жазушы, аудармашы, журналист және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Байбота КОШЫМ-НОҒАЙ финалистердің жұмыстарын талқылап, өз пікірімен бөлісіп, сондай-ақ әдеттегідей мүшайраның қорытынды нәтижелерін және басты жүлде – ноутбукты жас ақын Назерке Мұратқалиға бұйырғаны туралы баршаға жариялауда.
Жыл сайын «Сәби» Қоры ұйымдастыратын мемлекеттік тілдегі жас ақындар мүшайрасына түскен қолжазбаларға сараптама пікір
«Сәби» қайырымдылық қорының «Әлем» жас дарындарын қолдау бағдарламасы аясында мемлекеттік тілде тоғызыншы рет өткізіліп отырған ақындар сайысы мәреге жетті.
Жас шамаларында аса көп айырмашылық жоқ жасөспірім ақындардың конкурсқа ұсынған өлеңдерін оқи отырып, бұдан бұрын өткізілген бәйгелерден аса көп айырмашылықты көріп отырған жоқпыз. Өйткені бұл ұл-қыздардың бәрі дерлік қолына қалам ұстағанына көп бола қоймаған, киелі өнерді үйрену үстінде бірде табысқа жетіп, бірде омақаса сүрініп дегендей іздену барысындағы әрекетпен жүрген жас талапкерлер екенін жасыра алмаймыз. Әуелі конкурсқа қатысып отырған талапкерлер бұрын ақын ретінде бізге беймәлім, мерзімді басылым беттерінен де көзге көп түсе бермеген жаңа есімдер екенін ашып айтуымыз керек.
Жаңа есімдер... Әлбетте, жаңа есімдердің бәрі бірдей әдебиетке жаңалық болып қосыла бермейді. Бірақ сәт сайын өмірді танып, бойындағы құштарлық пен құлшынысын оятып, өлең өлкесінен өзіне лайықты орын іздеген жасөспірімдердің бәрінен бірдей күдер үзіп, жүрегіміздің түкпірінде жылт еткен үміт отын өшіре алмаймыз. Өйткені бұлардың арасынан күні ертең-ақ көшін қыз жиған жүктей түзеп, әдебиет әлеміне өзіндік қолтаңбасымен келіп қосылатын табиғи дарындардың табылатынына күмән жоқ. Әрине, табиғи дарын тірнектеп жиған біліммен байытылып, тынымсыз ізденіс үстіндегі жанкешті еңбекпен жетіледі. Ақын боламын деген асыл арманы бар жас талапкерлер мұны жадында мықтап ұстауы керек.
Біз бұл жолы бұрынғы конкурстарға қарағанда біршама аз автордың, атап айтар болсақ, Дина Құрымбаева, Мұхтар Мырзағалиев, Алуа Орынбасар, Мәдина Өткел, Нұрсұлтан Қожағұл, Назерке Мұратқали, Жұлдыз Жанболат, Іңкәр Алтынбекқызы, Адалжан Назибекова, Жұпар Сәруар, Демеу Дәусен, Ерден Нұрахмет, Ақмаңдай Иманғазықызы, Ұлпан Тәжібай, Нұрсұлтан Балауса Еркінқызы, Жиенбаева Гүлнұрдың тәрізді талапкерлердің жырларын оқып таныстық. Олардың бірі мектептің не гимназияның оқушысы, бірі колледж не университеттің студенті, енді бірі колледжді аяқтап, отбасылық амбулаторияда жұмыс істеп жатқан жас маман... Тәжірибесінің аздығына-көптігіне қарамастан, бәрінің де өлеңге таласы бар екені шындық. Бәріне ортақ кемшілік – шеберліктің шыңдалып жетпегендігі. Бұған, әрине, «көш жүре түзеледі» деп қамқорлықпен қарадық. Бірақ шынайы поэзияға тән ойлылық пен образдылықты айтпағанда, өлеңге қажет қарапайым техникалық қателерге көз жұма қарап, буын-бунақтың жүйелілігін сақтамай, ұйқасқа салғырттық жасауды кешіре берсек, ақындарымыздың болашағына балта шапқандай боларымыз анық.
Біз бұл қысқаша пікірімізде ол ақындардың барлық өлеңін талдай алмаймыз. Сондықтан конкурс шартына сай қорытынды пікірімізді ғана ұсынғалы отырмыз.
Конкурсқа түскен өлеңдерді бір-бірімен салыстыра оқыған кезде Назерке Мұратқалидың ақын Әбділда Тәжібаевқа арнаған «Асыл ғұмыр», Мағжан Жұмабаев туралы «Жасын тағдыр» және «Шыңғыстау» сынды өлеңдерін жақсы өлеңдер деп тануға болады. Яғни, 1-жүлдеге Назеркенің осы өлеңдері лайық деп есептеймін.
Ол Әбділда Тәжібаевқа арнаған «Асыл ғұмыр» өлеңінде:
«Дүр ақыным!
Құнды боп тылсым жырың,
Өлеңіңмен жүректе жүрсің бүгін.
Поэзия шыңына бет бұрғандар
Құдіретті сезімнің білсін құнын», –
деп қасиетті өнердің құнын танитынын көркем сөз кестесімен аңғартады. Поэзияға тән шарттарды тәп-тәуір меңгере бастаған жас ақын бас-аяғы жұп-жұмыр, ұйқастары келісті шумақтарды мөлдіретіп тізе алады.
«Қаным тулап кетеді денемдегі,
Бабам ойын оқысам тереңдегі.
Суық сөзден көңілім мұздағанда,
Жылытады жанымды өлеңдері», –
деп ақындық өнерді бағалай білетінін көрсетеді.
Мағжан Жұмабаев туралы «Жасын тағдыр» атты өлеңінде ұлы ақынның қасіретті тағдырына алаңдай отырып, «қазағым деп қабырғасын сөккен» Алаш ұлының өнегесін, бүгінгі еліміздің тәуелсіздігі жолында мерт болған тұлғалардың қадір-қасиетін тануға, олардың өнегесін үлгі тұтуға әрекет жасайды.
Ал «Шыңғыстау» атты өлеңінде ол өзінің туған жерге деген балаң махаббатын паш етіп, перзенттік борышын сезінеді:
«Төбемнен нұр ойнатқан тұғырлы аспан,
Қадамым құтты болсын бүгін басқан.
Шыңғыстау, мен де сенің перзентіңмін,
Таусылмас саған деген жырым – дастан!»
Ол осылайша ақын жүрегімен толғанады. Конкурсқа түскен жырлардың ең үздігі осы өлеңдер екеніне шүбәміз жоқ.
Жалпы конкурсқа қатысқан жас ақындардың өлеңдерінің дені арнауға құрылған. Тақырып тапшылығы көрініп тұр. Өлеңдердің көпшілігі дерлік әлдебір тұлғалардың (ақын-жазушылардың, ғалым-қайраткерлердің, т.б.) мерейтойына арнап жазылған сықылды көрінеді. Олардың бәрі де тынысын кеңірек ашып, лирикалық кейіпкерлерінің жан дүниесіне көбірек үңілгенін қалар едім.
Конкурс жүлдегерлерін жетістіктерімен құттықтап, жыл сайын «Сәби» Қоры ұйымдастыратын мемлекеттік тілдегі ақындар мүшайрасына қатысқан барлық жас ақындарға алғысымызды айтамыз. Жас талапкерлеріміз поэзия биігіне ту тігуге талпына берсін!
Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ,
Мүшайраның бас сарапшысы, балалар ақыны, аудармашы, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының және Әл-Фараби атындағы халықаралық әдеби сыйлықтардың лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.